onmc.kz

Орталық туралы

1973 жылы Маңғышлақ облысының құрылуымен көптеген мекемелер өмірге келді. Солардың бірі – Халық шығармашылығы үйі 12 қыркүйекте жұмысын бастады. Облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша оған 6-шағынаудандағы «Арман» қалалық мәдениет үйінен орын тиді. Кейін 3-шағын аудандағы ағаш барактардың бірінде қоныс теуіп, 22-шағын аудандағы облыстық мәдениет басқармасы ғимаратын бірнеше жыл қыстап барып қазіргі қонысына тұрақтанды.

Халық шығармашылығы үйі облыстық мәдениет басқармасы мен Республикалық халық шығармашылығы мен мәдени-ағарту жұмыстарының ғылыми-әдістемелік орталығына бағынды. Оның басшысын тағайындау, жұмыстан босату облыстық мәдениет басқармасының құзырында болғанымен, Республикалық орталықтың «батасы» сұралды.

Мекеменің алғашқы директоры болып Нұрнияз Мұханов тағайындалды. Ол бұл лауазымды 15 жыл атқарды. Ашылған әзірде шығармашылық үйін екі-ақ бөлім құрады. Олар: халық шығармашылығы және мәдени-ағарту бөлімдері. Алғашқы қызметкерлер саны да көп емес. Олар: Күләнда Асылбаева, Валерий Комаров, Лариса Док, Лиля Куликова, Шолпан Маңғыбаева, Елизавета Космакова т.б.

Шығармашылық үйіне облыстың клуб мекемелеріндегі көркемөнерпаздық ұжымдардың ұйымдастыру-әдістемелік және шығармашылық орталығы болу міндеті тапсырылды. Сондай-ақ ол барлық ведомоствалардағы көркемөнерпаздық шығармашылыққа, халықтық қолтаңбалы өнер шеберлеріне кеңес беру міндетін де қоса арқалады. Көркемөнерпаздық ұжымдарға, олардың жетекшілеріне репертуарлық, әдістемелік және ақылкеңестік көмек беріп, облыстық көркемөнерпаздар шығармашылығы байқауларын, сайыстарын өткізді.

Сол жылдары Ескі Жетібай кентіндегі №3 АТК клубының меңгерушісі Н.Деменский, мұнай-газ барлау экспедициясы клубының меңгерушісі Н.Сауғабаев, Жаңаөзен қалалық «Нефтяник» клубының меңгерушісі А.Саламов, Г.Оңғарова, Шевченко қалалық «Дружба» клубының директоры С.Гинько, Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің директоры Ж.Жылқышиев, Жармыш ауылдық клубының меңгерушісі Ш.Сабытаев, Бейнеу аудандық Қарақұм ауылдық клубының меңгерушісі А.Рысбекованың есімдері мерзімді баспасөз беттерінде жиі аталып, мақталды.

Облыста клуб желілері жылдан-жылға көбейді. 1973 жылы облыс бойынша 138 көркемөнерпаздық ұжым болса, 1977 жылы – 3000-нан астам адамды қамтыған 230 ұжымға жетті. Олардың ішінде: 26 хор ұжымы, 22 халық аспаптар, 2 үрмелі оркестрі, 20 вокалды-аспаптар ансамблі, 24 мәдени-үгіт бригадасы халық көңілін көтермеледі. 1984 жылы облыста 84 клуб типті мекеме, 11 қалалық, ауылдық Мәдениет үйі, 20 ауылдық клуб, 45 автоклуб өнермен өнеге шашты.

ХШҮ қызметкерлері клубтық құрылымдарға әдістемелік, практикалық көмек көрсетіп қоймай, өздері де үнемі біліктіліктерін арттырып, Мәскеудегі Бүкілодақтық семинар-кеңестерге қатысып, Алматы қаласындағы Республикалық халық шығармашылығы мен мәдени-ағарту жұмыстарының орталығынан білімдерін толықтырып отырды.

Мәдени-үгіт бригадалары мен пойыздарын ауыл еңбеккерлері асыға күтті. Облыс бойынша 30 автоклуб алыс жайылымдардағы малшылар арасында мәдени-көпшілік жұмыстарын жүргізді. Әрқайсысы 25 учаскені қамтыды.

1973 жылы Жаңаөзен қаласындағы «Нефтяник» МҮ-нің жанындағы халықтық қазақ драма ұжымы Қ.Мұхаметжановтың «Құдағи келіпті» пьесасын сахналады. 1974 жылы «Строитель» мәдениет үйінің «Қырағы көз» үгіт бригадасы облыстық байқауда бірінші орын, Бүкілодақтық байқауда екінші орын алды.

1975 жылы Абай атындағы мәдениет сарайы жанынан «Самал» вокалды-аспаптар ансамблі шаңырақ көтерді. Жетекшісі – Мұхиддин Ғаббасов. 1976 жылы жас композиторлардың республикалық байқауында «Шевченко шаттығы» әні бірінші орын алып, гала-концертте Ескендір Хасанғалиевтың өзі орындады.

1976 жылы Жармыш ауылдық клубы жанынан құрылған ұлт аспаптары оркестрі «халықтық» деген атақты иеленді. «Кеңжайлау» үгіт бригадасы Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанып, алтын медальмен марапатталды.

1980 жылдың қаңтарында Халық шығармашылығы үйі Халық шығармашылығы мен мәдени-ағарту жұмыстарының ғылыми-әдістемелік орталығы болып өзгерді. Жалпы, орталық атауы 50 жыл ішінде бірнеше рет өзгертілді. Өзгерістен соң Орталықтың қызметі мен міндеті кеңіді.

1980 жылы «Халықтық» атағы бар 15 ұжым болды: Маңғыстау аудандық халық театры, «Жастар» ВАА, Жармыш ауылдық клубының қазақ халық аспаптары оркестрі, Шайыр ауылдық халық театры, Абай атындағы Мәдениет сарайының халық хоры және т.б.

1987 жылы тұңғыш рет Р.Айдарбаеваның жинақтап, нотаға түсіруімен 23 күйден тұратын «Маңғыстау күйлері» жинағы жарық көрді. Оған Есір, Құлшар, Қоңыр, Тайман сияқты халық сазгерлерінің шығармалары топтастырылды.

1987 жылы Шевченко қаласында «Каспий – достық теңізі» атты Бүкілодақтық жастардың интернационалдық фестивалі өтті. Оған КСРО құрамындағы 6 одақтық және автономиялық республикалардың өкілдері қатысты.

1991 жылы Қашаған Күржіманұлының 150 жылдығы кеңінен тойланды. 1992 жылы ұлттық мейрамдар жанданып, Наурыз мейрамы тойланып, «Жігіттер сыны», «Әжелер сайысы» ұйымдастырылды.

1994 жылы Орталық «Маңғыстау әуендері» атты жинақ шығарып, халық сазгерлерінің 21 әнін мәтіндері мен ноталарымен жариялады. 1995 жылы «Жыр-дария» атты жырау шығармалары жинағы жарық көрді.

2006 жылы ел арасынан таланттар іздеу мақсатында алғашқы рет дәстүрлі «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалі туын көтерді. Тұрақты түрде Республикалық ақындар айтысы, халықаралық Мұрат Өскенбайұлы атындағы орындаушылар конкурсы өткізіліп келеді.

2013 жылы Орталық «Баба сарын бабауы» деген атаумен Маңғыстау өнер шеберлерінің антологиясын шығарды. 2021 жылы «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» электронды сайтын іске қосты. 2023 жылы дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесін жарыққа шығарды.

Орталық – қазіргі уақытта да Маңғыстау ауданындағы клуб мекемелері мен олардағы көркемөнер ұжымдарына әдістемелік-практикалық көмек көрсететін, облыс тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуді үйлестіруші мекеме.

Бүгінде облыста халықты мәдени-ағарту қызметімен қамтамасыз ететін 44 клубтық мекеме бар. Оның екеуі – қалалық, бесеуі – аудандық мәдениет үйі, 24-і – ауылдық мәдениет үйлері, 13-і – ауылдық клубтар. Олардағы 456 клубтық құрылымдарға 10188 адам қатысады. Олардың арасында 3100 адам қатысатын «Халықтық», «Үлгілі» атақ иеленген 112 ұжым бар.

Жарты ғасырда атауы сан рет өзгеріске ұшыраған Халық шығармашылығы орталығын әр жылдары Нұрнияз Мұханов, Сағын Нұрғожаев, Әния Жұмалиева, Людмила Қызылтаева, Шара Шуақова, Әзірбай Тұрмағанбетов, Балсұлу Қондыбай, Мәнет Шырақбай басқарды. 2010 жылдан бері Ақмарал Зейлова басшылық етіп келеді.

Қазіргі таңда Орталықта З.Сапарова, Н.Құдысов, Н.Ноғаева, С.Құдысова, Б.Смағұлов, Н.Кенжебаева, Г.Жолдыбаева, А.Қабыланова, С.Елеусінова, И.Ералиева, А.Алдияров және басқа да мамандар жұмыс істейді.

Зейлова Ақмарал Шырақбайқызы
Зейлова Ақмарал Шырақбайқызы
Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры